Қатысушыларға арналған IOL ережелері мен нұсқаулықтары

Қазақша

Жеке сайыс ережелері

Төменде жеке сайыс қатысушыларына арналған ережелер мен нұсқаулықтар берілген. Олар ашылу салтанатында (ағылшын тілінде) таныстырылады. Осы ережелердің барлық тілдегі нұсқаларының күші бірдей.

  1. Жұмыс тілі
    • Әр қатысушы Олимпиадаға тіркелгенде ұсынылған тілдерден өз жұмыс тілін таңдайды. Таңдалған тілді әдетте Олимпиада басталуына дейін екі аптадан аз уақыт қалғанда өзгертуге болмайды.
    • Өзіңізге ең ыңғайлы тіл таңдаңыз. Белгілі бір тілді қолданудың ешқандай артықшылығы жоқ: барлық жұмыс тіл IOL-де бірдей мәртебеге ие.
    • Сізге жұмыс тіліңіздегі есеп жинағының бір данасы беріледі. Қолыңыздағы есеп жинағы сіз сұраған жұмыс тілде болмаса, сайыс басталмас бұрын бақылаушыға бұл туралы бірден хабарлаңыз.
    • Шешімдеріңізді тура сол жұмыс тілде жазыңыз. Егер бұл шешіміңізді жақсырақ түсіндіруге мүмкіндік береді деп санасаңыз, шешіміңіздің кейбір бөліктерінде осы IOL-да қолданылатын басқа жұмыс тілдерін пайдалануыңызға болады. Дегенмен, қате жіберу және ұпай жоғалту қауіп-қатеріне орай басқа тілді қолданбауға кеңес береміз.
  2. Есеп жинағы
    • Есеп жинағы бес бөлек есептен тұрады. Есептерді кез келген ретпен шешуге болады. Ешбір қатысушы сайыс кезінде есеп жинағының бірнеше данасын қолына ала алмайды, сондықтан қосымша дана сұрамаңыз.
    • Сайыстың ұзақтығы – алты сағат.
    • Сайыстан кейін есеп жинағының өзіңізге берілген данасын алып қала аласыз, бірақ Қазылар алқасы бағалауын қалайтын барлық қағаздарыңызды тапсыруыңыз керек. Бұның барлығын берілген хатқалтаға салуыңыз керек. Шимай қағазды, қазылар алқасы көрудің керегі жоқ немесе жапсырмасы жоқ барлық қағазды салмауыңызды сұраймыз (3-бөлімнен қараңыз).
    • Барлық есеп қателік болдырмау үшін өте мұқият тексерілді. Егер сіз қате жіберілді деп санасаңыз, қолыңызды көтеріп бақылаушыдан сұраңыз. Дегенмен, қазылар алқасына хабарласып, өз тіліңізде жауап алу үшін біраз уақыт кетуі мүмкін екенін түсінуіңіз керек, сондықтан әзірше басқа нәрсемен жұмыс істеңіз.
    • Бейтаныс сөзінің түсіндірмесін сұрай аласыз. Қазылар алқасы мұндай өтінішті өз қалауына қарай орындай алады. Егер бұл сізге артықшылық берсе, қазылар алқасы мұндай өтінішті орындамайды. Әдетте қазылар алқасы бейтаныс сөздің басқа тілге аудармасын ұсынбайды.
    • Барлық сұрақ жазбаша түрде болуы керек. Бақылаушылар сізді сұраққа арналған қағазбен қамтамасыз етеді; сұрағыңызды немесе сұрақтарыңызды жұмыс тіліңізде жазуыңыз керек. Әртүрлі есеп жөніндегі сұрақтарыңызды бөлек тапсыруыңыз керек, себебі оларды Қазылар алқасының әртүрлі мүшелері (әдетте Қазылар алқасының төрағасы немесе есеп авторы) қарастыруы мүмкін. Сұрақ жауаптары сізге жұмыс тіліңізде беріледі.
    • Сұрақ қою кезінде бақылаушы берген қағаздың үстінен аты-жөніңізді, орныңыздың нөмірін және есеп нөмірін, содан кейін сұрағыңызды жазыңыз. Аты-жөні мен орын нөміріне қатысты мәлімет жауап тарату кезінде қателіктерді болдырмауға қажет.
  3. Жауап парағы
    • Есеп шарттарын көшірмеңіз.
    • Әр есептің шешімін бөлек параққа немесе парақтарға жазыңыз: әр есепті Қазылар алқасының бөлек тобы бағалайды, сондықтан жауап парақтарыңыз ажыратылады және әртүрлі есептердің жауабын бір параққа жазбауыңыз керек.
    • Әр параққа аты-жөніңіз бен орныңыздың нөмірі көрсетілген жапсырманы жапсырыңыз. Жапсырмада есеп нөмірін және сол есепке арналған парақтардың ретін көрсетіңіз, мысалы: 3-есеп, 4 парақтың 1-парағы; 3-есеп, 4 парақтың 2-парағы және т.б. Қазылар алқасы жапсырмасы бар парақтарды ғана бағалайды. Алдын ала пішімделген жауап парақтарында мәліметтеріңізді жазуға арналған орын бар, сондықтан оларға жапсырма жапсырудың қажеті жоқ. Жапсырмаларыңыз бітіп қалса, бұл мәліметті парақ үстінен жазыңыз: аты-жөніңіз, орныңыздың нөмірі, есеп нөмірі, есептегі парақтың нөмірі.
    • Қалауыңыз бойынша қағаздың екі жағын да қолдана аласыз, бірақ бұл тек қағаздың екі жағы да бір есепке қатысты болса мүмкін.
    • Сұрақта өзгеше нұсқаулық берілмесе, жауабыңыз түсіндірмеге сүйенуі қажет. Толығымен дұрыс жауап та, түсіндірме берілмеген жағдайда, төмен ұпай алуы мұмкін.
    • Бұл түсіндірме сіз тапқан деректердің түбегейлі түйіндемесі болуы, оларды қалай тапқаныңыздың баяндамасы БОЛМАУЫ керек. Біреуі дұрыс болып қалар деген үмітпен (тест сұрақтарға) балама жауаптар бермеңіз (әрине, сұрақ бірнеше жауапты талап ететін жағдайдан басқа): бірнеше жауап берсеңіз, олардың біреуі дұрыс болса да, ұпай берілмейді. Әртүрлі, бір-біріне қайшы түсіндірме ұсынсаңыз, ұпай жоғалтуыңыз мүмкін. Сол себептен жауабыңызға қосқыңыз келмейтін кез келген нәрсені жоюға (өшіруге немесе сызып тастауға) көз жеткізіңіз.
    • Соңында, жауап парақтарыңызды берілген хатқалтаға салыңыз.
  4. Өзіңізбен бірге әкелуіңіз керек заттар
    • Жазу құралы: қалам қарындаштан гөрі жақсы, бірақ міндетті емес. Әртүрлі түстерді пайдалану шешіміңізді түсініктірек көрсетуге көмектесуі мүмкін, бірақ дәстүрлі түрде Қазылар алқасының мүшелеріне арналған қызыл түсті қолданбаған жөн.
    • Қағаз қамтамасыз етіледі. Егер сізге қосымша қағаз керек болса, қолыңызды көтеріп бақылаушыны ескертіңіз.
    • Бірнеше бос қалам қолжетімді болады. Сізге қалам керек болса, сұрау үшін қолыңызды көтеріңіз.
  5. Әкелуге рұқсат етілген заттар
    • Тағам мен сусынды әкеле аласыз, бірақ сайыс кезінде оралған түскі ас қамтамасыз етіледі.
    • Егер өз тағамыңызды әкелсеңіз, басқа қатысушыларға кедергі келтірмеу үшін тек тыныш әрі ұқыпты жеуге болатын және өткір иісі жоқ тағам әкеліңіз.
    • Өзіңізбен бірге сайыс кезінде керек болуы мүмкін кез келген дәріні әкеле аласыз. Егер сіздің қандай да бір ерекше қажеттілігіңіз болса, команда жетекшіңіз ұйымдастырушыларға бұл туралы алдын ала хабарлауы керек.
    • Сағат немесе уақыт өлшейтін басқа құрылғыны, егер ол (а) дыбыссыз болса және (ә) сыртқы әлеммен байланысуға мүмкіндік бермесе, өзіңізбен бірге әкеле аласыз. Бөлмеде үлкен сағат болады, сондықтан өз сағатыңыз қажет болмауы тиіс.
    • Қосымша кеңсе жабдықтарды (мысалы, сызғыш, маркер, өшіргіш) әкелуге рұқсат етілген.
    • 4–6-тармақтарда аталмаған кез келген затты әкелмес бұрын Қазылар алқасынан рұқсат сұрауыңыз керек. Сол үшін немесе белгілі бір затты әкелуге болатынын-болмайтынын анықтау үшін команда жетекшіңізден Қазылар алқасының төрағасымен хабарласуды сұраңыз.
  6. Әкелуге ТЫЙЫМ салынған заттар
    • Кез келген баспа материалын (мысалы, сөздікті) әкелуге болмайды.
    • Сайысқа өз қағазыңызды, тіпті бос қағазды да, әкелуге БОЛМАЙДЫ.
    • Құлаққаппен жабдықталған болса да, музыка ойнататын немесе басқа ойын-сауық құрылғыларын әкелуге болмайды.
    • Электронды темекіні қоса алғанда, темекі шегуге тыйым салынады.
    • Ноутбук, планшет, ұялы телефон, смарт-сағат немесе сыртқы әлеммен не интернетпен байланысуға мүмкіндік беретін кез келген басқа құрылғыны әкелуге болмайды. Сондай-ақ, басқа қатысушыларға қарағанда сізге әділетсіз артықшылық беретін кез келген басқа затты әкелуге болмайды. Сайыс кезінде бұл заттардың кез келгені табылған қатысушы бірден сайыстан шеттетіледі.
  7. Бөлмеге кіру және шығу
    • Сізге орын белгіленеді және сол орынға отыруыңыз керек.
    • Егер 30 минуттан артық кешіксеңіз, бөлмеге кіруге рұқсат етілмейді.
    • Егер бөлмеден уақытша шығу қажет болса, қолыңызды көтеріңіз. Сізді бақылаушы ертіп жүреді. Төтенше жағдайды қоспағанда, бір уақытта команданың тек бір мүшесіне бөлмеден шығуға рұқсат етіледі. Басқа қатысушыларға кедергі келтірмеуге тырысыңыз.
    • Алғашқы 30 минут өткеннен кейін кез келген уақытта шешімдеріңізді тапсырып, сайыстан шыға аласыз, бірақ шыққаннан кейін қайта кіруге рұқсат етілмейді.
  8. Сауалнама
    • Есеп жинағымен бірге сізге сауалнама да беріледі, оны сайыс барысында бір уақытта толтыруыңыз сұралады.
    • Сауалнамада сіз жұмыс істеген есеп туралы сұралады. Бұл ақпарат Есеп комитетіне есептердің жарамдылығын бағалауға көмектесу үшін пайдаланылады.
    • Сауалнамада сізге ең көп ұнаған есепке дауыс беруіңіз сұралады.
    • Сауалнамаға берген жауаптарыңыз бағаңызға әсер етпейді.
    • Сауалнама бөлек жиналады.

Командалық сайыс ережелері

Төменде командалық сайыс қатысушыларына арналған қосымша ережелер мен нұсқаулықтар берілген.

  1. Жұмыс тілі
    • Командаңыз есепті тек бір тілде алады.
    • Шешіміңізді команданың жұмыс тілінде жазуыңыз керек. Егер бұл шешіміңізді жақсырақ түсіндіруге мүмкіндік береді деп санасаңыз, шешіміңіздің кейбір бөліктерінде осы IOL-да қолданылатын басқа жұмыс тілдерін пайдалануыңызға болады. Дегенмен, қате жіберу және ұпай жоғалту қауіп-қатеріне орай басқа тілді қолданбауға кеңес береміз. One or more of the team members may have requested a different working language in the individual contest, but for the team contest you must all work in the same language.
  2. Есеп
    • Командалық сайыс бір есептен тұрады.
    • Команданың әр мүшесі есептің жеке данасын алады, бірақ команда бір ғана ортақ шешім тапсыруы керек.
    • Берілетін уақыт, әдетте 4 сағат, нақты көрсетіледі. Бақылаушы командаңыздың бастау және аяқтау уақытын тіркейді. Жеке сайыстан айырмашылығы, мұнда тағам берілмейді; өз тағамыңызды әкеле аласыз.
  3. Бірге жұмыс істеу
    • Командалық есепті шешу кезінде бір-біріңізбен еркін сөйлесе аласыз.
    • Алайда жеке сайыста материалдар мен құрылғыларға қойылатын шектеулер командалық сайыста да қолданылады.
    • Командалық сайыс үшін командаңызға жеке бөлме беріледі, бірақ көрші бөлмелердегі командалар сіздердің талқылауларыңызды естуі және/немесе қатты шуласаңыздар, әсіресе терезелер ашық болса, мазасыздануы мүмкін екенін ескеріңіз.
  4. Сайыс кезінде бөлмеден шығу
    • Егер бөлмеден уақытша шығу қажет болса, бақылаушыдан рұқсат сұраңыз. Сізді ертіп жүруге немесе бақылаушыны алмастыруға көмекші табылғанша күтуіңізге тура келуі мүмкін.
  5. Сайысты аяқтау
    • Жауап парақтарыңызды хатқалтаға салыңыз. Бақылаушы хатқалтаны мөрлеп, белгіленген тәртіппен Қазылар алқасына жеткізеді.
    • Көрші бөлмедегі команда сіздерден кешірек бастаған болуы мүмкін, сондықтан олар әлі де жұмыс істеп жатуы мүмкін екенін есте сақтаңыздар.

Мақұлдаған: Аида Давлетова, 2026 ж. 26 шілде